Тәуелсіз Қазақстан — Умирзахов Ескали Калдыбекович

Скачать “Тәуелсіздік” Tauelsizdik.docx – Загружено 8 раз – 17 KB

«Балдәурен-Шымкент» Республикалық оқу сауықтыру орталығының тарих пәні мұғалімі Умирзахов Ескали Калдыбекович

 

 Тәуелсіз Қазақстан

Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан-өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп, егемен ел ретіндегі өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ елі үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы -Тәуелсіздік күні екендігі даусыз, әрі бұл солай болуы да тиіс.

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік.  27 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша.

Ендеше, тамыры тереңде жатқан тарихы, кең жайлауы, асау өзені, асқар тауы, мәуелі бағы, көркем белі, лебі жұпар-ерке желі, жанға сая панамыз –көркем жеріміз, тәуелсіз Қазақстан еліміздің бүгінгі мерейлі мерекесі құтты болсын.

Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған Тәуелсіздік,егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн біздің Отанымыздың әрбір азаматы, үшін қастерлі мереке. Мінекей,ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 27 жылдың жүзі болып отыр. Тарих үшін соншалықты зор кезең болмағанымен, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды.

Экономикалық, әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жақандық өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс-шараларды дүниежүзілік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық. Оған дәлел Елордамызда өткен ЭКСПО 2017 Халықаралық көрмесі. Бұл көрме ТМД елдері және Орта Азия елдері ішінен тұңғыш рет біздің еліміз таңдалып және жоғары деңгейде өтті. Ал түптеп келгенде бұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы.

Сөйтіп, Алаш жұртының айбынын асырып, ата-бабамыздың арманы болған азат күнге жетіп, жасампаздықтың даңғыл жолына түскенімізге де 27 жыл толып отыр. Алаштың мұраты жүзеге асқан осынау қасиетті күннен бергі кезеңде мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды.

Ендеше Қазақстанның бүгінгі ұланғайыр жетістігі-тұтастай қазақ халқының жетістігі.

Дегенмен, бүгінгі жетістік, Алаш асқан асудың баршасы қалай келді? Олай болса осынау тарих жолында көкбөрідей киесі бар, көк түріктей иесі бар қазақ халқының сағы сынбады, бағы жанды. Тағдырымызға тәубә. Небір қилы заманды, тар жол тайғақ кешуді басынан өткерген қазақ халқына Алланың мейірі түсіп, Егеменді ел атандық.

1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

Президентіміз қол қойған алғашқы Жарлықтарының бірі — 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы  «Семей полигонын жабу туралы»  Жарлық болды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне  мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды.

Қазақстан 1992 жылғы 2 наурыздан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі. Қазір еліміз БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ (ОБСЕ) секілді 70-ке жуық халықаралық ұйымдардың мүшесі.

 

 

Бүкілхалықтық талқылаудан кейін 1992 жылғы маусымда Республиканың Туы мен Елтаңбасын бекітті.

1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл негізгі Заңымызда республиканың экономикалық қүш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті мәселелерді шешу ескертілді.

1997 жылы қазан айында Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауы жарияланды. Жолдауда болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың ерешеліктері айтылды.

1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

2003 жылы  Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші съезі болып, қазіргі таңда дәстүрге айналып әр үш жыл сайын Астанамызда әлемнің дінбасылары бас қосуда.

2010ж  Астана қаласында мемлекет тарихында тұңғыш рет 60-қа жуық елдердің басшыларының қатысуымен ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтті.

 

«Қазақ хандығының 550 жылдығын», Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан халықтарының Ассамблеясының 20 жылдығын, Ата заңымыздың 20 жылдығын атап өтіп, Дүние жүзілік сауда ұйымына мүше болдық. Осынау жылдар аясында еңсеміз биіктеп, рухымыз шалқи түсті. Төрткүл дүниеге қазақ деген ұлт, Қазақстан деген мемлекет танылды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Шекарымыз айқындалып, жеріміз түгенделді. Елдігіміздің нышандары-ЕЛТАҢБА жарқырап, көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтай шырқалды. Ана тіліміз жанданып, дініміз оралды.

Еуразия жүрегінде, арқа төсінде айдай сұлу Астана бой көтерді. Болашақтан үлкен үміті бар, өркениет өресіне қол созған,экономикалық жағынан дамып келе жатқан, тарихы тереңнен бастау алатын іргелі, бейбітсүйгіш ел екенімізді дәлелдедік. Осының бәрі Тұңғыш Президентіміз, Елбасы — Нұрсұлтан Назарбаевтың салихалы саясатының жемісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде Бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап сақтаған қасиетті туған жеріміз -бірінші құндылығымыз. Бұл жер 100 ден астам этностарды құшақ жая қарсы алып,қазір олар тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Екінші құндылық — бұл Тәуелсіздігіміз бен Азаттығымыз. Ол өз тағдырымызды өзіміз шешуге және тарих бүкіл әлем алдында жауапты болуға құқық береді.

Үшінші құндылық-бұл халықтың бірлігі, туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісім деп Қазақ  елінің үш маңызды құндылығын айқындап берген еді.

Егемен дамудың 27 жылы ішінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енді, Қазақстан – 2030 стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырды, Қазақстан – 2050 стратегиясы, «100 нақты қадам, Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру, Нұрлы жол, Ұлы Даланың жеті қыры Ұлт жоспарларын жүзеге асыра бастады.
Қазақстан бүгінде – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында жаңғыру мен дамудың көшбасшысы.      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы салтанатты төрағалық, Астана саммиті, Ислам конференциясы ұйымындағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі, Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық – бұл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың дана әрі тиімді саясатының арқасында қол жеткізілген үздік жетістіктер. Біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай,тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы шарт.

 

Бақыт құсы әр Адамға қонып бір

О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр

Бүгін міне, Тәуелсіздік ағайын

Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр

 

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.