ЫБЫРАЙ ТАНЫМЫНДАҒЫ ИСЛАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Еркегүл Арыққарақызы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
«Отырар кітапханасы» Ғылыми Орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

ХІХ ғасырдың екінші жартысы қазақ руханиятының көгжиегіне шоқ жұлдыздай жарқыраған алып үш тұлғаны берді. Ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлғалар – хакім Абай, ғалым Шоқан, ұстаз Ыбырайлар қоғамдық ой-пікірдің көшін бастаушы үш шыңы биігіне көтерілді.
Бұл заман – қазақ халқының отаршылдық бұғауына әбден шырмалып, ұлт зиялылары осы қапастан құтылу жолы оқу-білім игеру деген көзқарасқа келген кезең еді.
Халқымыздың ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу ісін жаңғырта отырып жүзеге асырған ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (1879, Орынбор) оқулығының жазылуы да замана сұранысынан туған еді. Қолына қалам алып қазақ балаларының ұғым-танымына лайықтап өлеңдер мен әңгімелер жазғанда, суреткердің сәуегей танымы аумалы да төкпелі аласапыран заманның алдағы күйін аңдап, әуелде, туған тілдің тазалығы мұратымен бірге жас қазақ жеткіншектерінің балаң санасын ұлттық уызбен ұйыта білу, иманды да мұсылманшыл арда буынның асыл қасиеттерін ұлағат етуді мақсұт тұтты.
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе білу керек» [1], – деп айтқандай, қазақ даласына дендеп еніп келе жатқан рухани отарлау, миссионерлік саясатқа қарсы күресе отырып, осыларға қарсы тұруда халықтық салт-дәстүрлерді, ауыз әдебиетін бала санасына сіңіруді, тіл тазалығы үшін күресуді мұрат етті.
Бір оқығанда оқу мен өнерге талаптануға, еңбекке шақырған өлеңдер мен әңгімелердің сан алуан астарлы терең мағынасына бойласаңыз көкірегіңіз саф, тұма «таза бұлақпен» сусындағандай дегдар бір күй кешеді.
Ол бір тылсым әлем. Жұмбақ күй.

Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық. – [1,5]

Өлең Алланы еске алумен басталады.
Бала жанының бағбаны ұлы ұстаз жеткіншектерді ең әуелі имандылыққа шақырады. Имандылықпен бірге білім алуға, өнер үйренуге шақырады.
Хакім Абайда да сөз басы «Әуелі аят, хадис-сөздің басы», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп келетінін ескерсек, Абай үшін де, Ыбырай үшін де алдымен Алла, Құдай сөзі – елді жақсылыққа, ізгілікке, адамдыққа жетелеудің басты құралы.
Адамзаттың асылы болған, айтқан сөзі амалымен ұштасқан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қолыңнан келгенше адамдарға өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет»[2], – деп өсиет еткен. Бұл кемелдік жолын іздеген әрбір адам үшін бағдаршам сияқты.
Ыбырай ұстаз ұлағатының кемел тұсы да – ең әуелі иман, иман негізінде келетін білім мен ізгі қасиеттерді, көркем мінезділікті ұлықтауында жатыр. Жазушының асқан парасатын, білімінің кең эруидициясын танытатын тұсы да осы мәселелер төңірегінде.
Бүгінде әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған мұсылман шығыс сөз өнерінің асыл жауһарлары осы діннің ықпалында дүниеге келгені аян.
Ыбырай ұстаздың да әдеби мұрасының құндылығы – оның рухани бастау көздерінің күрделілігінде. Ең алдымен, ол – өзі өсіп өнген қазақ жұртының халықтық мұрасын терең меңгеріп, Ислам құндылықтарын сіңіріп, асылын бойына жинақтай отырып одан рухани нәр алған ақын.
Ұлы ұстаздың балаларға арналған туындыларынан аңғаратынымыз балаң шағынан-ақ танымының негізін, тінін мұсылман дінінің кәусар бұлағынан ұйыта мейірін қандырған ғұлама жазушы болғандығы.
Ұстаздың туындыларының басты өзегі тәрбиелік мақсұтта болатындығы да, мұсылманшылық ұлағатын ұлықтай отырып, шеберлікпен өрнектелген өлеңдері де, әңгімелері де жақсылыққа сүйсіндіріп, адам бойындағы ізгі қасиеттерді оятады.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір үшін тыным таппай еңбек ететінін бала ұғымына лайықтап қарапайым да мағыналы мысалдармен үлгі етсе, «Әке мен бала» шығармасы арқылы да балаларды жастайынан-ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөлген.
Жазушы «Жомарт» әңгімесінде қайырымдылық пен қанағатшылдықты, рақымшылық пен адалдықты дәріптейді.
Бұл ел аузында ертегі-жыр болып кеткен, ежелгі араб жұртының әңгімесі еді. Ыбырай осы ертегіні балаларға арнап, әңгіме ретінде ұсынды. Есепсіз бай бола тұрып күн сайын еңбектеніп жұмыс қылатын Атымтай Жомарттың қарапайымдылығына таңданып, «жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мәні не?» деп сұрайтындарға қарата айтқан сөзі: «Әуелгісі: Әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өне бойы әдет етсең көңілге жел кіргізеді. Сол желіккен көңілмен бейшараларға көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын. …Құдай тағаламның берген дәулетін өзімсініп, өзім тұтынсам мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын», – дейді. Әңгіменің идеясы – Атымтайдың жомарт көңілін үлгі етіп, адалдығын, тазалығын танытады.
Ыбырай «Бай баласы мен жарлы баласы» атты әңгімесінде бала тәрбиесінің ерекше маңызы туралы суреттейді. Үсен бейнесі арқылы тапқырлық пен талаптылықты, қанағатшылдықты үлгі етеді.
Жазушының айтпағы Үсен – өмір қиыншылығымен сан мәрте бетпе-бет келген, өз еңбегімен күн көруге дағдыланған кедей баласы. Бала жастан еңбекке үйренген бала қандай күн келсе де тіршілік көзін таба біледі, тығырықтан шығатын жол іздей алады дегенді меңзейді де ал тек тоқшылықта өскен Асан тіршілік түйткілдерімен күресуге қауһарсыз, табиғаты әлсіз адам болып қалыптасады.
Сондай-ақ еңбек сүймей, жалқау болып өскен адамдар қулық-сұмдықпен күн көруді өзіне мақсат ететінін, ал мұның өзі барып тұрған жаман қасиет екендігін, олай болса үлкендер балаларды кішкентайынан еңбекке баулу қажеттігін естерінен шығармауын ескертеді. Бұл әңгіме тек жеткіншектерге ғана емес ересектерге де ой салары сөзсіз әрі күні бүгінге дейін мағыналық маңызы зор.
Ыбырай ұстаз қазақ жастарын оқытып тәрбиелеу мәселесін ең негізгі, басты мәселе деп есептеді, жастарды оқытып, тәрбиелеуден, тәрбие ісінің құдіретінен артық ешнәрсе жоқ деп түйеді.
Ыбырай адамның жан-жақты қалыптасуының негізгі көзі тәрбие екендігін «Бақша ағаштары» әңгімесінде өте жақсы көрсеткен: «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», – дейді.
Әкесінің баласына айтқан ақылын баяндайтын осы әңгімеде үлкен мән бар. Адам – тәрбиенің нәтижесі.
Бала жанының зергері, ұстаз Ыбырай шығармаларында көтерілетін адами құндылық мәселелері – бүлдіршіндердің жан дүниесіне әсер етерліктей көркем, тілі жеңіл, мазмұны тартымды суреттеледі. Жасөспірімдерді адамгершілік қасиеттерге баулиды, түрлі жақсы қасиеттерді үлгі етеді, жаман қасиеттерден жирендіреді.
Махаббат, мейірімділік, қайырымдылық туралы, әсіресе, «Мейірімді бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек» әңгімелерін алуға болады.
Мәселен, «Аурудан аяған күштірек» әңгімесінде адамның шыдамдылық, төзімділік сияқты тамаша ерік-жігер қасиеттері, олардың сыр-сипаты сөз болады. Абайсызда бір баланы арба қағып кетіп, аяғын сындырады. Шешесі мұны көріп есінен танады. Осыны сезген бала жалма-жан жылағанын қойып тіпті сынған аяғын салып жатқанда да дыбысын шығарып, қабағын шытпайды. Бұған қайран болған сынықшы: – Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпадың ғой, – депті. Қасында шешесінің жоғын көрген бала: – Ауырмақ түгіл жаным сөзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып жүдемесін деп, шыдап жатырмын – дейді.
«Мейірімді бала» әңгімесінде жас қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі үшін патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады.
– Тақсыр, патшам, – деді қыз, – менің әкем жазаға лайық болғаны рас, ол үшін қолынан айрылуы керек болды, мінекей, тақсыр, әкемнің қолы, – деп өзінің қолын көтерді.– Бұл қол да менің жазықты болған атамның қолы, бірақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейді», – дейді. Патша баланың атасына мейірімділігін көріп төренің күнәсін кешеді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген махаббаты да суреттеледі.
Сабырлылық, шыдамдылық, ұстамдылыққа шақыратын «Асыл шөп» әңгімесі ақылды қыздың құрбысына: – Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты «сабыр», – деген сөзімен түйінделеді де бүлдіршіндерге ой салады.
Ұстаз өлеңдері мен әңгімелеріндегі философиялық, педагогикалық көзқарастардың негізгі түйін, арнасы құлықсана (мораль) мәселелері төңірегінде шешімін тапқан. Ол қоғамда жас жеткіншектерді қалай дұрыс қалыптастырудың, қалай дұрыс өмір сүрудің жолдарын көрсететін, адам өміріндегі тәрбиенің мәні, адам баласының баянды ғұмыры, адамдармен қарым-қатынас мәдениеті, ар-ұят, адамгершілік, қайырымдылық, сабырлылық, рақымшылдық, адалдық т.б. адамдық ізгі қасиеттерді ұлықтайды.
Ыбырай ұстаз өз еңбектерінің негізінде қазақ халқы әдеби туындыдан рухани қуат алатынын ескере отырып ұлтқа, халыққа имандылық негіздерін уағыздап, жас буынды қайырымды, ізгі адам етіп тәрбиелеудің құралы ретінде негізге алған. Сондықтан да ол халқын ізгілікке, адамгершілікке, білімпаздыққа баулуға өзінің төл туындыларын бағыштады.
Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин шығармалары – тәрбиенің алтын діңгегі.
Ұлы далалықтардан асқан ақылымен әлемге әйгілі болған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың: «Адамға тәрбиесіз берілген білім қауіпті» деген дана сөзі бар.
Ұлы ағартушы 1884 жылы қыркүйектің 14-де Н.И.Ильминскийге жазған кезекті бір хатында: «Мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан ешуақытта қайтпаймын. Құдайым тек адам баласының жауыздық қылықтарына қарсы тұруға, нақақ жала — жапсардың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін», – деген екен.
Кезінде «Оренбургский листок» газеті Алтынсарин туралы пайымды пікірлерді ылғи жариялап отырды. Осы басылымның 1894 жылғы №15 санында ұлы ағартушының бір топ шәкірттері қол қойған мақала жарық көрді. Онда: «Біз, көшпенділер үшін, Алтынсариннің еңбегі өте қымбат. …Біз Алтынсарин арқылы өз халқының ақыл-ойын, мінезін және жалпы бар өмірінің рухын сипаттайтын адамды байқаймыз», – делінген.
Туған халқының болашағы қазақ жастарын таза бұлақтай саф туындыларымен сусындата білген ұлы ұстаздың өлшеусіз ерен еңбегі заманалар көшіне ілесіп, талай толқынды үлгілі істерге бастай берері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Кел, балалар оқылық. Өлең, әңгімелер мен мақал, жұмбақтар. – Алматы: Атамұра, 2006.–186 бет.
2. Уразов А. Исламдағы көркем мінездің мән — маңыздылығы.

Аңдатпа. Мақалада ұлт ұстазы, қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелеріндегі Ислам құндылықтары мәселелері қарастырылады.
Түйінді сөз: Оқу, тәрбие, ұстаз, ұлт, мұсылманшылық қағидалары.

Аннотация. В статье рассматриваются вопросы Исламской ценности в стихах и рассказах учителя нации, основателя казахской детской литературы Ибрая Алтынсарина.
Ключевые слова: Образования, учитель, нация, мусульманские принципы.

Загрузка...
Загрузка...
Бөлісу