БАТЫРЛЫҚ ЭПОС

(Ш.Кәрібаев нұсқасы)

Он таңбалы Ұрымда,

Қырық таңбалы Қырымда,

Сан таңбалы Санайда,

Он екі баулы Ноғайда

Баба түкті баба өтті.

Төрехан, Мұса және өтті.

Онан туған Орақ пен Мамай-ай:

Орақ, Мамай күнінде

Теңгерілген Ноғай-ай.

10. Орақ деген ер өтті,

Мамай деген хан өтті.

Орақтан қалған қос жетім –

Қарасай, Қази бала өтті.

Әкесінен Қарасай қалды он бесте,

Қази қалды он үште.

Жетімге дұшпан көп болды,

Қорғайтын кісі жоқ болды.

Орақ, Мамй анасы –

Ақылдың қара сабасы.

20. Қорғанышы жоқ болып,

Қолында жетім қалған соң

Немере екі баласы,

Кемпір елін жинады.

«Басшысыз халық болмас», – деп, …

Шынтемір деген шал екен…

Баласы жоқ жан екен.

Бір перзентке зар екен…

«Көтеріп көңіл жүрсін», – деп,

Хан Мамайдың орнына

30. Таққа халық мінгізді…

Қалмақтың ханы Темір ханнан

Қырық кісі келеді.

Қырық кісінің ішінде

Ханбегі деген ер еді…

Шынтемір хан сөйледі:

– Әскер жинап қасыңа,

Ханбегі, қайда барасың?

Ханбегі сонда сөйлейді:

– Кешегі кеткен Орағың…

40. Жеті ханымды өлтіріп,

Алтын тағым құлаған…

Темір хан саған жіберді:

«Айдауымда жүрсін»! – деп. –

Айтқаныма көнсін! – деп. –

Мамайдан туған Қымбатты

Тоқалдыққа берсін, – деп. –

Қарасай, Қази – қос жетім

Құл болуға көнсін, – деп. –

Айтқаныма көнбесе,

50. Соғысуға келсін», – деп.

Шынтемір сонда сөйледі:

– Кеңесіп елмен қарайын.

«Көнемін», – десе, көнейін…

«Көнбеймін», – десе көп халық,

Соғысуға келейін…

Ноғай тұрып, жиналды.

Ақыл таппай, қиналды…

Қасым би мен Қалу би –

Екеуі тұрып сөйледі:

60. «Кел, Қарасай мен Қазиды

Біз шақырып алалық…

Сол көнсе, біз де көнелік.

Сол өлген жерде өлелік.

Соған билік берелік»…

Қарасай батыр келеді.

Сыпыра жырау сөйлей береді:

– Ай, Қарасай. Қарасай!

Орақтың екі баласы-ай!

Жаңбыр жаумай жерің тұр,

70. Балығы кетіп көлің тұр,

Панасы кетіп елің тұр.

Ақыл таппай, ойланып,

Шешендер мен биің тұр.

Темір хан хабар салып тұр,

Мазамызды алып тұр.

Кілең жетім қарағым,

Жақсыдан қалған тұяғым –

Сендерге торын жайып тұр.

Ел панасы кеткен соң,

80. Алтындарың мыс болып,

Қорғасын болып ағып тұр.

Қарасай сонда сөйледі:

– Жақсы айтасың, атеке!

Мен дұшпанға көнбеймін.

Қолымнан арды бермеймін.

Мен дұшпанға бас ұрып,,..

Аяғына бас ұрман,

Басымнан дұшпан сөзін асырман…

Жабықпа, халқым, жабықпа,

90. Тарықпа, халқым, тарықпа!…

Не қылғаным – дұшпанға

Қолдан арды бергенім?

Қызылбасқа бағынып,

Не қылғаным – жүргенім?

Мұнан-дағы маған көп жақсы

Он бесіме келгенде

Халқымның ары үшін,

Қатын менен бала үшін,

Жылаған кемпір-шал үшін

100. Оққа ұшып өлгенім!…

Қарасай кетіп қалған соң,

Әлі Сымайыл сөйледі:

«Он бестегі баланың

Не келеді қолынан?

Көшіп қашып кетелік…

Орақ, Мамай ауылын

Жұртқа тастап кетелік».

Әлі Сымайыл сөзіне

Көп Ноғайлар нанады…

110. Түн ортасы болғанда

Қонысынан көтеріліп

Қашып көшіп барады…

Ертең таңдар атқанда…

Үйден шығып Караүлек,

Жан-жағына қарады…

Таң-тамаша қалады…

«Сен, Қарасай, оңбадың!…

Ноғайлы деген ел қайда?!

Қатар-құрбы, тең қайда?!

120. Қу жетім, кімге сенесің?

Әкең өліп қалған соң,

Білмедің бе шешеңнің

Қайырға соққан кемесін?

Ел көшті, жылқыны жау алды.

Атты қайдан мінесің?

Қу жетім, ақыл менен ойың қайда?

Кешегі Ноғайға айтқан сөзің қайда?

Ішімде тарқамайтын болды арман,

Адамға болды қорлық жаяу қалған.

130. Аңдыған сырттарыңнан жауларың көп,

Қалдырмай, көп жылқының бәрін алған…»

Мамай мінген Көкмойнақ,

Орақ мінген Тайқара ат

Көп жылқының ішінде

Қиқумен кетіп барады.

Жау екенін білген соң

Шекесінен қарады,

Құйрығын сауырына салады…

Кейін қарап шабады.

140. Орақ пенен Мамайдың

Моласына барады…

Қарасайды иіскелеп,

Жүгенге басын кіргізді,

Ауыздықты тістелеп.

Қарасай мініп алады.

Мініп алып, шүу деді.

«Шүу», – дегенде, гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Арандай аузын ашады,

150. Көлденең жатқан қара тас

Қорғасындай басады…

Үш күн болған қалмақтың

Кіші бесін уақытта

Артынан жалғыз құлапты-ай…

Ескен желдер тынғанша,

Қарасай келді ақырып,

Қойға тиген бөрідей

Келген жерден жапырып,

Қарсы келген қалмақты

160. Қағып тастап барады,

Кесе келген қалмақты

Кесіп кетіп барады.

Шанжау-шанжау қалмақты

Шашып кетіп барады.

Қалмақтың бәрі айдарлы,

Асып туған Қарасай

Айқастырып байлады…

Жеті күн соғыс салады.

Қарасай соғыс салып жүр.

170. Омыртқада он жара,

Қабырғада қырық жара,

Шұрқылтайда бір жара,

Шүмектеп қаны ағып жүр…

Анда-санда Қара аттың

Жалын құшып қалып жүр.

Басы айналмай, не қылсын?

Сорғалап қандар ағып жүр.

Қази батыр келеді.

Қарасай сөйлей береді:

180. – Келдің бе, жалғыз бауырым?

Иесіз қалды-ау ауылым!

Аз кісіге мол олжа,

Жаудан малды айырдық.

Қайтқанымыз жөн еді…

Кел, қайталық, – деп еді,

Қази сонда сөйледі:

– Жаудан қорқып, қайтар ма?

Аттың басын тартар ма?

Жарау атқа мінген соң,

190. Қару-жарақ ілген соң,

Жау қарасын көрген соң,

Қайғыны жігіт айтар ма?

Сосын бізді кім айтар:

«Қарасай мен Қази!» – деп.

«Жаудан қорықты,- демей ме, –

Орақтың екі баласы-ай?»

«Шүу», – деді де, жөнелді…

Ақ алмасты сермеді,

Сермесе, қолы дендеді.

200. Қарсыласып, қағысуға

Қазиға кісі келмеді…

Қылышпенен шапқылап,

Көк найзамен сұққылап,

Тағы атты мылтықты…

Қызылбас жаман тарықты.

«Өлемін», – деп, қорықты.

Қолдың басы – Көкеман

Ақылы көп ер еді…

Көкеман сөйлей береді:

210. – Айналайын, Қарасай!…

Дегеніңе көнемін,

Айдауыңа жүремін…

«Көзімнің жасын көр», – деймін.

Бір шыбындай жанымды

Сауғаға сұрап, еңіреймін.

Артын ойлап Қарасай:

– Тілегің бердім,- деп еді,

Қуарғыр Қази сөйлейді:

– Бізбен осы дос болмайды.

220. Бізбен осы дос болса,

Күндердің күні болғанда

Көңліміз ашық, қош болмайды.

Уәде бұған бермелік,

Сөзіне мұның сенбелік.

Біз түгіл, Орақ, Мамай ақыл сұраған…

Анамызға баралық…

Содан ақыл сұралық.

Не дер екен анам-ай?

Қалмаққа Қази сөйледі:

230. – Мен ауылға барамын

Қараүлектей анамның

Құлағына саламын.

Не дер екен сол анам?

Шешемнің тілін аламын.

Он бес күнде келемін.

Оған дейін тырп етпе.

Жауабын сонда беремін.

Ауылына келеді.

Қази сөйлей береді:

240. – Айналайын, анам,-ай!

Арнап келдім саған-ай…

«Не қыл?»- дейсің, анам-ай?

Қаратып келдім саған-ай.

Сонда кемпір сөйледі:

– Мен садаға кетейін!

Жанымды құрбан етейін!…

Садаға кетпей, не етейін?

Орақ, Мамай тірілді-ау!

Тірілгені білінді-ау…

250. Еділ, Жайық – екі өзен

Ел орнаған жер еді.

Алпыс екі саласы мал орнаған жер еді…

Сол қоныстан көтеріліп

Он екі баулы Ноғайлы

Көшіп кетті еліміз.

Көшті-дағы ел кетті.

Бармағын тістей ер кетті.

Қайғыменен би кетті.

Қаралы болып қыз кетті.

260. Қоныстан тайып мал кетті.

Ботасын тастап нар кетті.

Бәрі кетіп қалған соң,

Қарасынсыз болған соң,

Мен сорлыны еңіретті!..

Елеулі болсаң, ел ерер.

Басшылық қылсаң, көп ерер.

Басшысыз болсаң, кім ерер?

Қамқор болсаң, ел келер.

Қорғамасаң, кім келер?..

270. Қарасай, атқа міне көр…

Түн ұйқыңды бөле көр,

Түнделетіп жүре көр,

Кешегі кеткен Ноғайды

Қайтарып қонысқа алып келе көр.

Қарасай атқа мінеді…

Үріккен елдің артынан…

Қарасай салып келеді…

«Айтамын сөзді, халқым-ай,

Ноғай, Қазақ, жалпыңа-ай…

280. Көшіңдер қайта жеріңе.

Көшіруге мен келдім

Ноғайлы деген еліме…

Орақтан туған қос бала –

Біздер аман тұрғанда

Келе ме дұшпан шеніңе?!»

Шынтемірді ертіп

Қарасай батыр жөнелді.

Үркіп көшкен қалың ел

Қайта көшті деп еді…

290. Көкемандай бейшара:

«Бір ұл, бір қыз берем, – деп, –

Ақыреттік дос болып

Сеніменен жүрем», – деп,

Қазидың қолын алады-ау.

Қалмақтар кетіп қалады.

Түйе боздап, қой маңырап,

Жылқылары шұрқырап…

Құлын, тайлар бұлтылдап,

Қонысқа малдар құлады.

ІІ.

300. Шынтемірдей ханың-ай…

Шақыртып Қарасайды алады…

Ханың сөйлей береді:

– Қарағым, қалқам – Қарасай,

Еліміздің панасы-ай!

Саған кімнің шарасы-ай?

Қайтпас қара, ақ болат —

Орақтың үлкен баласы-ай!..

Болыпты енді тілегім…

Жеңешең жерік болыпты…

310. Өзің тауып бере көр

Жеті басты айдаһар,

Қарағым, соның жүрегін.

Қарасай сонда күледі.

Күле сөйлей береді:

– Мен анама барайын.

Құлағына салайын.

Дүниеде бар ма екен?

Шешемнен, барып, сұрайын…

Сонда кемпір сөйледі:

320. – Алпыс күндік жолы бар,

Алты күндік шөлі бар,

Күйгентаудың басында

Айдаһардың іні бар.

Жеті басты айдаһар

Сол арадан табылар.

Тайқара атқа мін, – деді. –

Беліңе қару іл, – деді. –

Жатпай-тұрмай жүр, – деді…

Айдаһардың жүрегі,

330. Қабыл болса тілегі, …

Әкеліп, қарағым, бер, – деді.

Тайқара атқа мінеді.

Орақтан қалған ақ сауыт –

Мұны үстіне іледі.

Туғалы тіпті көрмеген,

Адам басып жүрмеген

Күйгентаудың басына

Қарасай шауып жөнеді…

Түлкі жортпас түлейден

340. Түнде жортып барады.

Қия-қия, қия жол

Қиялап кетіп барады…

Он бес күн жүрген жеріне

Күн төбеден ауғанда…

Жер өртеніп, тас күйген,

Топырақ жанып, аспанға жалын тиген

Соған салып келеді.

Жүрген сайын қара аттың

Жүрісі енді асады.

350. Жанып жатқан шоқтарды

Жер үстіндей басады.

Бір түтін аспанға шығады зырқырап.

Үңірейген тесікті көреді.

Талмай салып келеді.

Жер өртеніп, тас күйген

Айдаһардың демі екен.

Үңірейген тесік дегені

Айдаһардың іні екен.

Шыққан түтін дегені

360. Айдаһардың демі екен.

Айдаһар айбаттанып ысқырады,

Алты таудың тасын құйрығына қыстырады.

Бір тасты бір тасқа ұрып, шақылдатты,

Аузынан қанды көбік бұрқылдатты.

Оғындай найзағайдың жарқылдатты.

Олардың екі елу кез тілдері бар,

Тілдерін найзағайдай жылтылдатты.

Қарасай одан қайтпады.

Уайым шегіп, қайғы айтпады.

370. Айдаһар сонда сөйледі:

«Айдаһар» деген мен едім.

Қарасай деген сен едің.

Дүниеде бір зиян,

Қайтпас қара бұлтың бар,

Сенің тұқымың қылар деп едім.

Келетініңді білгенмін,

Топырақты өртеп, тасты жандырдым.

Бұған да сен қайтпадың.

Құйрығыммен жер сабап,

380. Жер өртеп, тасты жаудырдым.

Бұған да сен қайтпадың…

«Қайтамын», – деп айтпадың.

Құйрығымнан бір елі кесіп берейін»…

Құйрығынан бір елі кесіп береді.

«Бір елі құйрығы он пұт,

Он қадақ шықты», – деп еді.

Құйрығын кесіп алады,

Бөктеріп артына салады…

Аулына қарай шабады.

390. Он бес күнге толғанда,

Қуанғаннан Қарасай

Жеті күнде барады,

Ақтолқынға береді…

Мезгілді күні болған соң…

Шақырып Қараүлекті алады,

Кемпірден ақыл сұрады.

Қараүлек сонда сөйледі:

«Ішіндегі ер екен,

Еңіреген ердің бірі екен.

400. Сырты – шойын, сүйегі – темір,

Жүзі жарқын, өзі алғыр,

Билер халқын…

Жайшы деген кемпір бар.

Шақырт та енді, соны ал.

Жайшы кемпір келмесе,

Жайшы жайын білмесе,

Біле алмадым мен», – деді.

Қараүлек тағы сөйледі:

«Ай, Қарасай, Қарасай!..

410. Үмітін үзіп жүргенде

Жеңгең менен ағаңның

Сағынып көрген баласы-ай.

Жайшы кемпір келмесе,

Туа алмайды-ау, шамасы-ай.

Қарасай, атқа мін, – деді. –

Беліңе қару іл, – деді. –

Қақпақты таудың астында

Жайшы дейтін кемпір бар.

Жылдам алып кел», – деді.

420. Қарасай атқа мінеді…

Қақпақты тауға жөнелді…

Сонда кемпір сөйледі:

«Туатұғын бұл бала –

Өзіңнен де артық ер, – деді. –

Дүбірін көрмей тұлпардың,

Туа алмайды бұл, – деді. –

Әскерің жинап ал, –деді. –

«Жау да келіп қалды!» – деп,

Аллалап ұран сал, – деді. –

430. Сонда бала туады,

Дауасы содан болады».

Қарасай аулына барады.

Әскерін жинап алады.

Сәскелік жерге барады.

Туын алып қолына,

«Жау да келіп қалды!» – деп,

Ауылға қарап шабады.

Бір ұл, бір қыз туды…

Ұл балаға қарасаң,

440. Басы бақыр қазандай,

Тереңнен шыққан сазандай,

Омырауы есіктей,

Ойынды еті бесіктей.

Саусағына қарасаң,

Құмға тиген көсіктей.

Қыз балаға қарасаң,

Екі көзі жаудырап,

Тұлымшағы салбырап,

Алмадай беті албырап…

450. Шынтемірдей ханыңыз

Асау сойып, ақыртты,

Мая сойып, бақыртты.

Қол астын қоймай шақыртты.

Осы шал той қылады.

Той малына сойғаны

Ту бие мен қой болды.

Молдалар келіп қамалды

Сәлдесі қара қазандай…

Баланың атын таба алмай,

460. «Шариғатпен қоям», – деп,

Кітабын алып, қарады-ай…

Қази келіп, сөйледі:

«Ұлдың аты – Әділ, – деп. –

Қыздың аты – Ілия.

Осы екеуі болмаса,

Неге керек, Шынтемір,

Иесі жоқ жиған дүние»?..

Алтыға Әділ келгенде,

Шынтемірге ажал келеді.

470. Келгенін халық біледі…

Шынтемір ханың сөйледі:

– Қази менен Қарасай,

Жас болсаң да екеуің,

Елдің болдың панасы-ай…

Ноғайдың болдың ағасы-ай…

Айналайын, Қарасай,

Екі бірдей асыл зат,

Алтыда қалған жалғызым –

Екеуіңе аманат!..

480. Сонда Қази сөйледі:

– Хандығыңды алмаймын.

Бақытты туған Әділдің

Бағына көзім салмаймын.

Он бесіне келгенше,

Тағына өзі мінгенше,

Балапанын қорғаған

Көк бүркіттей қорғаймын…

Шынтемір дүниеден қайтып кетті.

Тапсырып бала жайын айтып кетті.

490. Жүргенде өйтіп-бүйтіп сол арада,

Он беске он алты мен бала жетті…

Қалмақтың басы – Теміртау

Он екі айлық жер еді…

Алты айшылық шөл еді.

Барса деген ханына

Қағазбен хабар салыпты.

Сонан хабар алыпты.

«Қырымның қырық батырын

Алдайын», – деп ойлады.

500. Өтірік айтып, сол тесікке айдады…

Бір сөйлем хат келеді.

Әділ патша оқыды.

Оқыды да, сөйледі:

«Темір хан жазған хаты бар.

Темір ханның аты бар.

Әуелі хат жазыпты

Қарасай, Қази – ағаға.

Екінші, хатты жазыпты

Телағыс, Қобылан – саған да.

510. Үшінші, хатты жазыпты

Ахметтей бабаға.

Аяғында жазыпты,

«Ханы ғой», – деп, маған да:

«Мұсылмандыққа көндің, – деп. –

Ноғайға бала бердің», – деп

Тесіктегі қызылбас…

Ай, солар шабатын болды

Менің елімді…

Дос болсаң, Қарасай, Қази,

520. Осы жауға барып кел…

Осы жауымды алмасаң,

Барса туырлығымды тоқым қылады,

Керегемді отын қылады…

Төгеді қанымды,

Шығарады жанымды,

Талап алады малымды».

Хатында айтып, жалынды.

Хатын оқып хан Әділ,

Қарасайға сөйледі:

530. – Барамысың, Қарасай?

Бармаймысың, Қарасай,

Еліміздің ағасы-ай,

Ноғайлының панасы-ай?

Қарасай сонда сөйледі:

– Қарағай садақ, қырық кез оқ

Буынып алсам, белім тоқ.

«Жау!» – десе, менде қайғы жоқ.

Достан хабар келгенде,

Досқа зәбір тигенде,

540. Бармай батыр, тұрар ма?

Бармаған батыр оңар ма?

Қорыққан соң, зарланып

Хат жазған ғой Темір хан.

Көп жиналған, құралған,

Кел, баралық, – деп еді, –

Он екі айлық жеріне,

Алты айшылық шөліне,

Қызылбас Барса еліне»…

Кілең жайсаң ер кетті.

550. Ер кеткенде, кім кетті?

Қара қыпшақ Ер Қобылан –

Торы бесті атпен бұл кетті.

Мың қаралы қол жүрді.

Ахмет батыр – сол жүрді.

Телағыс батыр – бұл жүрді.

Құбығұл батыр – бұл жүрді.

Қару-қапшық бойда жоқ,

«Өлемін», – деген ойда жоқ,

Әуез тентек – бұл жүрді.

560. Төрт жерден туын байлады.

Әділ әскерін алысқа айдады…

Он екі айдай жол жүрді,

Алты ай кәміл шөл жүрді…

«Өлдім-талдым!» – дегенде,

Жапан көлге құлады.

Неше күндей әскер шұбады.

Он бес күн жатып сол жерде,

Аты болса, аунады.

Өздері болса, қунады…

570. Ішуіне асы жоқ,

Қоға мен борық қоймады.

Көйлектерін ау қылып,

Судан шабақ аулады.

Дәл он бес күн болғанда,

Әскерлерін жинады…

Әділ ханың сөйледі:

«Ай, бұрынғының арты едің,

Осы күнгі қарт едің,

Көптен қалған көне едің.

580. Қайыспайтын, қайғысыз,

Ахмет аға, ер едің.

Тар жер, тайғақ кешуде

Саған да сеніп келемін.

Тарлан атқа мін, – деді. –

Беліңе қару іл, – деді. –

Талай келген өзіңе

Бұл белгілі жер, – деді. –

Қандай екен жерлері?

Қалың ба екен елдері?

590. Ахмет, көріп кел», – деді.

Ахмет атқа мінеді.

Бес қару белге іледі.

Қабағын түйіп, түнеріп,

Қызылбасқа жөнелді.

Ар жағында Теміртау

Он бес күндік жер еді,

Он бес күн кәміл болғанда

Ахмет салып келеді,

Болаттан деген тау екен,

600. Төбесі көкке тиіп тұр.

Биіктігін қарасаң.

Көшкен бұлтты іліп тұр.

Төбесінде қара тас,

Күн көзіне шыдамай,

Қорғасын болып еріп тұр,

Төбеден аққан сортағы

Таудың бауырына келіп тұр.

Ол таудың ол шеті мен бұл шеті

Тоқсан жылдық жер екен,

610. Ортасында тесік бар,

Болаттан салған есік бар,

Қазулы тұрған көр емес,

Жан баратын жер емес,

Ахмет оны көреді…

Ахмет келді қайтып ай,

Көргенін түгел айтып-ай…

“Мен барайын тесікке”, – деп

Хан Әділ сонда сөйледі:

“Ай, Қарасай, Қарасай,

620. Саған кімнің шарасы ай?..

Тайқара атқа мін, – деді, –

Шақыр-шұқыр көк болат

Беліңе орай іл,” – деді,

Қарасай шауып жөнелді…

Он бес күндік жеріне

Жеті күнде барады…

Қабағын тастай түйініп,

Ақ сауытын киініп,

Көк найзаны шүйіріп,

630. Атасына сыйынып

Тесікке кірді Қарасай…

Ол тесіктің іштері

Қап-қараңғы түн еді,

Ар жағы мен бер жағы

Он бес күндік жер еді,

Он бес күнде тесіктен

Қарасай өтті деп еді,

Ар жағына қараса,

Он екі қабат оры бар,

640. Тоқсан қабат торы бар…

Тап тесіктің аузында

Бір тұлпардың ізі бар…

Қарасай оны көреді,

“Қарауыл екен”, – деп еді…

Қарасай салып барады…

Екеуі тұрып қағысты,

Жаман сөзге барысты,

“Қашпа, бәлем, қашпа!” – деп,

Қашпаласа қалады;

650. “Тайма, бәлем, тайма!” – деп,

Таймаласа қалады.

Қыл жалаулы көк сүңгі,

“Қақ жүректің басы, – деп, –

Өлер жерің – осы”, – деп,

Біріне бірі салады.

Ұңғысынан омырылып,

Адыра болып қалады.

Қолға алмас алады,

Шын болаттан соқтырған,

660. Қызыл қанға суарған,

Өткенін адам білмеген,

Егер де қанға тимесе,

Қынабына сыймаған.

Жарқылдатып екеуі

Бірін бірі шабады,

Тасқа шапқан пышақтай

Бұ да адыра қалады;

Кіл болаттан соқтырған.

Шынжырдан бауды тақтырған

670. Қолға шоқпар алады

Ауырлығы жүз пұттай,

Ұңғысынан омырылып,

Бұ да адыра қалады.

Замананы қуырып,

Шын болаттан таптатқан,

Темірлерге саптатқан,

Бірін бірі шабады,

Тақымынан балта суырып.

Тасқа шапқан пышақтай,

680. Жерге қаққан жебедей,

Таңда шапқан немедей

Бұ да адыра қалады.

Қой жауырын қол масақ

Екеуі тұрып атысты,

Саржаларын тартысты.

Сауытқа тиіп, тақылдап,

Оты шығып, жарқылдап,

Бұ да адыра қалады.

Бес қаруды тауысты,

690. Ат үстінен алысты,

Екеуінің аты да

Шөге-шөге қалысты.

Аттан түсе қалады,

Бөліне шынжыр салады,

Енді екеуі алысты,

Айғыр, нардай шайнасып,

Жағаласты салысты;

Қарасай тұрып ақырды,

Ақырған ащы дауысы

700. Тау үстінде қара тас,

Шыққан шөпті жапырды.

Манағы айтқан Қызылбасты

Көтеріп алып, үйірді.

Етегімен, жеңімен,

Қызылбастың лебімен,

Борансыз Көк қасқа ат

Омақа асып жығылды,

Қызылбас жерге тарс етті,

Қара жер де солқ етті,

710. Топырағы бұрқ етті.

Аузынан қаны жылп етті,

Салмағымен жығылып..,

Іші-бауыры шырқ етті.

Басын кесіп алады,

Қанжығаға таңады,

Тесіктен кіріп, еркіндеп,

Ханға келді бүлкілдеп…

Қызылбасқа өтуге

Жеті батыр бөлінді.

720. Ең әуелі кім жүрді?

Қарасай, Қази ер жүрді,..

Тесіктен бастап кім кірді?

Қарасай, Қази ер кірді…

Екеуі қатар тең кірді…

Қази менен Қарасай…

Туларын қолға алады,

Екеуінің тұлпары

Он екі қабат орлардан,

Тоқсан қабат торлардан…

730. Ор текедей ырғыды…

Әділ орда қалыпты…

Мінген аты Күрең-ді,

Жетеуінің соңынан

Жалғыз шауып келеді…

Тоқсан қабат торынан

Аман-есен өтеді,

Он екі қабат орына

Екпінімен аттың жетеді…

Өмілдірік үзіліп,

740. Әділ орда қалады…

Ахмет мінген Тарлан ат

Омақа аса құлады,

Құлап жатқан жерінде

Ахметтей шалыңды

Қызылбастар қамады,

Қара таспен сабады…

Ахмет сонда ақырды,

Қолтығынан оқ тиіп,

Қара қанды қақырды…

750. “Шалдың даусы екен”, – деп,

Шауып жетіп келеді,

Көтеріп шалды жерден

Қобылан алады…

Қобыланның жүрген жағынан

Сарқыраған қан шықты.

Қазидың жүрген жағынан

Тырп етпейді, шаң шығады.

Қарасай жүрген жағынан

Ойбайлаған шу шығады. 760. Өнгесінің жүрген жерінен

Ай тозаңы шаң шығады…

Ағысты Қази қарады,

Жығылып-тұрып жүр екен…

Омыртқадан он жара,

Қабыртқадан қырық жара,

Тек шықпаған жаны бар,

Шүмектеп аққан қаны бар.

Көтеріп аттан алады.

Сонда Қази ақырды.

770. “Әуез-ау!” – деп шақырды,

Телағыс көзін жұмып-жұмып қалып жүр,

Шүмектеп қаны ағып жүр,

Салып келді ер Әуез.

Қойны-қонышы оққа толыпты,

Жаралы о да болыпты.

“Ағысты қосқа алып қайт, – деді…

Біз қайтпаймыз омақа асып құлағанша,

“Қайтамыз”, – деп айтпаймыз”.

Әуез Ағысты алып жөнелді,

780. Арада үш күн өткен соң,

Құбығұл ерге оқ батты…

Құбығұл аттан құлады,

Үстіне келіп ер Қобылан:

“Бауырым!” – деп жылады…

Атына Құбығұлды мінгізіп,

Тізгінін беріп қолына,

“Ерсің ғой, мықтап бекін”, – деп,

Қайтадан салып жіберді

Қосқа қайтар жолына,

790. Әуездің ертті соңына.

Үшеуі қалған долданды,

Ісі келмей оңына,

Қабырғадан қан болды,

Тебінгіден тер болды,

Елді жерлер көл болды,

Жердің жүзін қан алды…

Күн сәскеге толғанда,

Тайқара аттың үстінен,

Өкпеден жеті жерден оқ тиіп,

800. Қарасай, қанатын жайып құлады,

– Қазижан, бермен келіп кет…

Өз қолыңнан көміп кет…

Сонда Қази сөйледі:

– Қарасай сені кім айтар:

“Қазидың, – деп, – ағасы, –

Орақтың , – деп, – баласы”.

Жігітке бұйым бола ма

Қорғасынның жарасы?

Орнынан тұрады,

810. Қол-аяғын жияды,

Он екі қабат ақ жібек

Белін орай буады,

Тайқара атқа мінеді,

Қылышын алып, жарқылдап,

Көк найзасы жалтылдап,

Соғысайын деп еді,

Тағы тиді қалың оқ.

Бұрынғы құлау құлау ма?!

Шыныменен құлады,

820. Әділді жоқтап жылады:

“Қарағым – Қази, елге қайт.

Сорлы болған анаға,

Іні менен ағаға,

Қазақ пенен Ноғайға,

Сұрағанға сәлем айт”!..

Қарасайды көтеріп,

Қази алдына алады,

Орақтың екі баласы

Бірін бірі алып барады.

830. Қыдырбайдың Қобыланы…

Жеті күн соғыс салады,

Дәл сегіз күн болғанда

Қызылбас Қобыландыны қамады

Үстіне торды жаяды…

Аңсыз шауып жүргенде,

Торға түсті деп еді,

Астыңдағы торы бесті

Тырп етуге халі жоқ,

Төрт тағандап тұрады…

840. Салып жіберіп торы атты,

Ат үстінде қозғалды,

Ақырып келіп, ырғалды,

Жайып қойған торларын

Шуда жіп құрлы көрмеді,

Бір тартуға келмеді,

Торы бесті атты тебініп,

Шыға келді желігіп.

Аулына қайтып жөнелді.

Қази Қарасайды бағады,

850. Жапалақты, Жаманкөл

Алып барып, салады.

Көлдің беті қан болып,

Қанды су болып барады,

Жау дәрісін жағады,

Жазылмай кетіп барады.

Бір тышқан суға келеді.

Ол тышқанды талаған

Мысық залым деп еді.

Тышқанның үстінде

860. Жарасы көп деп еді.

Судан келіп ол тышқан

Көлден шөпті алады,

Жарасына жағады.

Жарасы тышқан жазылды.

Жүгіріп барып қу Қази,

Шөбін тартып алады,

Қарасайдың жарасына жағады

Қарасайдың жарасы жазылады,

Дауасы сонан табылады,

870. Тышқан емес, Қарасайдың пірі екен.

Шөп емес, тамыр дәрі деген шөп екен…

Қарасай саламаттанды, жазылды,

Әділ орда қалынды…

Қарасай, Қази аулына қарап жөнелді…

Қарасай салып келеді.

Ілияны көреді…

Сонда Ілия сөйледі:

– Қолыма алдым шар айна.

Қылыш, мылтық, бар найза.

880. Аманат қылған жалғызым,

Қарасай, қасындағы хан қайда?..

Сонда Қази сөйледі:

– Өлген жоқ, тірі-ау, – деп, –

Алып келем мен-ау, – деп, –

Келгенше балаң бағамын,

Бабыңды кемпір табамын,

Дұшпаннан кегіңді аламын.

Атымды болса, аунатып,

Өзім болсам, қунаймын,

890. Есімді әбден жинаймын,

Қайта айналып барамын,

Әділді жаудан аламын!

III

Бұлар кетіп қалған соң…

“Қалған Ноғай бар ма?” – деп,

Қызылбастың тірісі

Ор жағалап жүр екен,

Жатыр екен хан Әділ…

Қызылбас тауып алады,

Тас кесекпен сабады,

900. Жіберілген тас кесекті

Әділ қағып алады,

Өзімен соғыс салады.

Жеті күндей соғысты.

Жеті жүз қалмақ алады,

Бір қасық судың жоғынан

Таңдайы кеуіп хан Әділ,

Еңбектей барып құлады.

Құлап жатқан жерінде

Шынжырдан бұғалық салады,

910. Алты нарға сүйретіп

Хан Әділді ордан алады,

Қол-аяғын таңады,

Қырық пұттай тас байлап

Көк теңізге салады…

Шикі өкпедей қалқыды,

Мұнан да өлмей қалады..

Қол-аяғын таңады,

Алпыс түйе сексеуіл

Алып барып, жағады,

920. Талтаңдатып ханыңды

Қызыл шоққа салады…

Мұнан да өлмей қалады.

Үш жүз тоқсан жасаған,

Азу тісі босаған

Қу мыстан деген кемпір бар,

Мыстаннан ақыл сұрады,

Сонда мыстан сөйледі:

“Сүйегі шойын, терісі болат неме екен.

Тоғыз бие сойыңдар,

930. Тоғызы да — ту бие,

Қара көк пен сұр бие

Тай қазанға салыңдар,

Тас көмірді жағыңдар

Майға бөлеп, балқытып,

Қарын кесіп алыңдар”.

Кемпірдің сөзі ұнады,

Жеті күн майға қайнатып,

Екі көзін жайнатып,

Зығырын оттай қайнатып,

940. Қарын кесіп алады.

Жеті бура сояды,

Қабаттап көнін тігеді,

Үші біздей ақ болат

Қу жебені қағады…

Көк арбаны жегеді,

Қу жебелі көндерді

Қамыт қылды деп еді…

Жатыр еді бір күні…

Бабасы келіп сөйледі:

950. – Мінемісің үстіме?

Алып кетейін, балам ай.

Сонда Әділ сөйледі:

– Тіліңді, бабам, алмаймын.

Он саусақ пен қарым жоқ,

Сопайып елге бармаймын,

Осы күні бейне бір

Бұтағы кеткен талдаймын.

Бабам болсаң сен , – деді, –

Берменірек кел, – деді, –

960. Қанатыңды бер, – деді. –

Қасыма таман кел, – деді,

Қанатына хат жазып,

Жерден, асап, саз алып,

Тілімен жазып жіберді.

Қарақұс ұшып жөнелді.

Күндіз-түні ұшқанда,

Тоқсан бір күн толғанда,

Үш ай да бір күн болғанда,

Шынтемір тіккен боз үйдің

970. Көлеңкеге қонады.

Үйден шығып Ілия

Қарақұсты көреді,

Көре сала келеді,

Жүгіріп келсе, Ілияға

Қанатын соза береді.

Қанаттағы хатын ай,

Әділдің танып атын ай,

Ілия айғай салады ау…

Қарасай мен Қазидың

980. Жүрем деген күні еді…

Қарасай мен Қазиға

Ілия айтып береді.

Таң атуға тұра алмай,

Хабарын естіп, шыдамай,

Қарасай, Қази – қос жайсаң:

“Шүу”, – деді де, жөнелді…

Қалмаққа салып келеді…

Етпеттен жатыр хан Әділ…

Қази аттан түсе қалады,

990. Мойнындағы арбаны

Көтеріп, жерге ұрады,

Мойнындағы көнін ай,

Жебедей қаққан темірді ай…

Тойтара қаққан шегені

Тісімен дал-дал қылады…

Қарасай да келеді…

Қалмақтар секектеп,

“Былтырғы қара атты

Келіп қалды, көтек!” – деп…

1000. Бәрін де ұстап алады,

Кез келген талға таңады.

Қанжарбек деген хандарын

Ат баурынан өткізіп

Қази жаман сабады…

Қанжарбек хан жылады,

Бір шыбын жанын сұрады:

“Ханыңды сенің жазайын,

Ханыңның қарын салайын”…

Уәзірін аулына жіберді:

1010. “Жылдам, ойбай, барып кел!

Мыстанды, барып, алып кел!

Қарын жылдам салсын! – деп. –

Жан дәріні жақсын!” – деп…

Кемпір салып келеді,

Әділдің қарын салады,

Жан дәрісін жағады,

Жеті күнде жазады…

Ақ татырдың басында

Құланмен бірге жүр еді…

1020. Күрең шауып жөнелді,

Хан Әділге келеді…

Гулесіп елге жөнелді…

Тоқсанға келген Сыпыра –

Ноғайлының жырауы

Домбыра қолға алады,

Оңнан, солдан қағады,

Сыпыра толғап алады:

“Әй,е бәйбіше – Ақтолқын,

Кеткеніңнің келген күн,

1030. Дегеннің бәрі болған күн,

Кемтіктің бәрі толған күн

Желпініп ұшқан ақ сұңқар,

Ұясына қонған күн…

Тұлпарлар шауып озған күн,

Тамырдың бәрі иген күн,

Үрпіңе сүтің келген күн,

Боз інгеннің тайлағы

Енесін келіп емген күн,

Құлап қалған терегің

Қайта енді ол тұрып,

Төбесі көкке тиген күн,

Төбесіндегі қаршыға

Бұтағына келген күн.

Бүгінгі күн не еткен күн?

Төбе көкке жеткен күн,

Қайғының бәрі кеткен күн”,

Толқынды жыршың жуатты,

Сана айтып қуатты.

1049. Әділ патша той қылды…

Загрузка...
Загрузка...
Загрузка...