Семейлік жерлесіміз Диас Мұсалимов Нью-Йорк университетінде вокалдан сабақ беріп, профессор болып жүр. Ол осы атақты университетте тек музыка өнерінің негіздерін үйретіп қана қоймайды. Жас әнші АҚШ композиторларының әндерін орындап, Құрама Штаттардың үздік сахналарын бағындыруда.

Танымал қазақстандықпен Хабар 24 арнасының тілшілері кездесіп қайтты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі уақытта Диас Данэлия Төлешовамен бірге жұмыс істейді және оны әлемдік музыка индустриясының, америкалық шоу-бизнестің мамандарымен таныстырып жүр.

Лас-Вегастағы Диас Мұсалимовтың өнері миллиондаған көрермендердің есінде қалды. Ол Геннадий Головкин мен Сауль Альварес шайқасының басталуына дейін 20 мың орындық аренада Қазақстанның әнұранын орындады. Сол кезден бастап Диас түрлі елдердің тұрғындарынан көптеген хабарламалар алып жүр. Олар біздің әнұранымыздың сұлулығы мен әуеніне таңғалуда. Диас әйгілі Birdland джаз-клубында өткен жеке концерті кезінде қазір Нью-Йорктегі танымал бола бастаған әндерін орындады.

«Халықаралық деңгейдегі түрлі америкалық іс-шараларға қатысу арқылы мен өзім ұсынған әндердің бірі «I am from Kazakhstan» әнін орындадым. Ол белгілі бір заманауи стильде жазылған және стандартты емес, сондықтан ол осындай резонанс тудырды»,- дейді Нью-Йорк университетінің вокал профессоры Диас Мұсалимов.

Биыл Диас Нью-Йорк университетінің «Вокалды орындаушылық: музыкалық театр және вокалдық педагогика» мамандығы бойынша магистрдің екі дәрежесін алды. Осы танымал АҚШ университетін 30 Нобель лауреаты мен 19 Оскар, Эмми, Тони және Грэмми жүлдесінің иегерлері бітірген. NYU түлектері арасында Вуди Аллен, Мартин Скорсезе, Анджелина Джоли, Вупи Голдберг, Леди Гага және басқа да атақты адамдар бар.

Жас профессор Диас Мұсалимов мұнда студенттерге вокалдан сабақ береді. Ол осы көне университеттің қабырғасындағы жұмысы жайлы Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясының қатысушыларына айтып берді. Сонда Диас қазақстандық білімнің арқасында шетелде академиялық табысқа қол жеткізгенін атап өтті.

«Қазақстанның мәдениеті мен мұрасы өте бай. Мен бұған Манхэттенде өткен концертімде көз жеткіздім. Онда мен қазақстандық композиторлардың әндерін орындадым. Оның ішінде Жаяу Мұса, Мұқан Төлебаевтың және қазақтың халық әндері болды. Және танымал болған бұл әндер біздің мәдениетімізді бүкіл әлем білуі және тыңдауы керек шығармалар мен әндердің ондығына енуі керек екенін тағы бір мәрте дәлелдеді»,- дейді Диас.

Диас АҚШ-та шоу-бизнес өкілдерінен тұратын кәсіби мамандар командасын жинады. Олардың ішінде Майкл Джексон, Бейонсе және басқа да америкалық жұлдыздармен жұмыс істеген Гарвард түлектері бар. АҚШ сахнасын бағындарған семейлік әнші Қазақстанның жас таланттарына көмектесуге ниетті.

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...