Ит өлім

1998 жыл. Мәскеу метросында, зырлап бара жатқан пойыз ішінде бір қарттың жүрегі тоқтап қалды. Жетпіс бір жастағы шалдың басынан бағы тайған емес еді. Бірақ абыр-сабыр қалың нөпір оны танымады. Жедел жәрдем қызметкерлері бейбақтың мүрдесін мәйітханаға жеткізді. Оны іздеген ешкім болмады. Бес күн өтті. Дәрігерлер бұл күнде мүрдені сойып, неден өлгенін анықтап қойған. Келесі кезекте «қаңғыбас» деп танылған мәйіт мединститут студенттерінің «ермегіне» айналды. Сойып, түрлі тәжірибелер жасалды. Шалды «қаңғыбас» ретінде тіркеп, артында сұрауы жоқ марқұмдардың моласына жерлемек болған еді. Соңғы сапар алдында милиция қызметкерінің бірі әлгі мәйітке бір қарап, Қазақстан Компартиясының бұрынғы Бірінші хатшысын тани қойды. Геннадий Колбиннің мәйіті туыстарына осылай тапсырылды. Жерлеу рәсіміне жақын-жұрағаттарынан басқа ешкім қатыспады. Не Кремль, не Ульяновтан ресми тұлғалар келмеді. Қазақстан басшылығы да арнайы сапартоп жібермеді…
Геннадий Колбин Ульянов обкомынан Қазақстанға келгенде Төлебаев көшесіндегі пәтерін 33 мың рубльге күрделі жөндеуден өткізді. Ал ол кезде үш бөлмелі пәтердің құны 10 мың рубль болатын. Ал үш қызы мен заттарын транспорттық ұшақпен жеткізуге Қазақстан бюджетінен 27 мың 700 рубль жұмсалды. Бұл да түк емес. Екі иті мен әйелін арнайы ұшақпен 7 мың 700 рубльға әкелді.
Колбин Қонаевтың жұмыс кабинетіне алғаш рет кіргенде — ортада тұрған үлкен глобусқа қатты таң қалды. «Мұншама глобус Қонаевқа не үшін қажет еді?!» деп жиын сайын айтумен болды. Ал Қазақстан республикасының Ульянов облысын отыз орайтын, әлемде жер көлемі бойынша 9-орында тұрғаны қаперіне де кірмеді.
Шымкентке бір барған сапарында «Қазақ етті жақсы көретін халық екен. Енді малдың ішек-қарнын тазалап, басын кесіп алып, сатылымға терісімен шығарамыз» деп бөсті. «Неге?» деген сұраққа: «Сонда әр қойдың терісі 1,5-2 келі, ал сиырдың терісі 15-20 келіден тартады. Бұл қосымша салмақ. Сонді біз Қазақстанда қосымша 8 мың тонна еттің мәселесін шешеміз. Бұл нәрсенің республикамызға пайдасы қанша екенін білесіздер ме?!» деді. Кейбір ақылды кісілер терінің шикізат екенін, оны өңдеп, халық тұтынатын басқа да заттар жасалатынын айтып түсіндірмегенде — елімізде терісі сыпырылмаған еттің сатылуы да мүмкін еді. Колбин республиканы етпен қамтамасыз ету мәселесіне қатты бас қатырды. Бұрынғы Мао Цзе Дун секілді жыл құстарын жаппай атып алу туралы да бастама көтерді. Бірақ бақытымызға орай ол күнге жеткен жоқпыз…
Қазақ ешкімге ит өлім тілемейді. Абыройсыз өлімді де ақтап алуға тырысады. Тіпті, болмады дегенде ол туралы жақ ашпайды. Саусағын шұқшитып, бетіне баспайды. Бірақ Колбиннің ит өлімі — маған жазықсыз жапа шеккен жастардың лағынеті секілді.

Бақыт Әлмұратов

Дереккөзі: Клара Серикбаева

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...