Алматыдағы Әуезов ауданына қарасты мемлекеттік балабақша меңгерушісі туберкулездің ашық түріне шалдыққан деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Сұмдық жайтты тілшілерге ашуға булыққа ата-аналар ашып айтты.

«Телефонға 25 қазан күні балабақшада жиналыс, әр үйден бір адам келіп қатысуы міндетті деп хабарлама жіберді. Барсақ, балабақшада бөтен адамдар толып жүр екен.

Бізге жиналыс кезінде оларды Әуезов ауданы әкімінің орынбасары, аудандық СЭС қызметінің басшысы, дәрігерлер, туберкулез орталығының мамандары деп таныстырды.

Артынша, олар бізге балабақша меңгерушісінің туберкулездің ашық түріне шалдыққанын айтып, сабырға шақырды. Ана хабарды естіген кезде талып қала жаздадық»,- дейді Д. есімді келіншек.

Ауданның атқамінерлері шуылдаған ата-ананы сабырға шақырып, балабақшаның карантинге жабылмайтынын, кешкісін зарарсыздандыратынын (дезинфекция) ғана ескерткен.

«Балабақша меңгерушісінің ауырғанына біраз болды. Жаз кездерінде қайта-қайта сырқаттанып, демалысқа кетіп жүрді. Яғни, өзінің ауру екенін білген, біле тұра балабақшада жұмысын тоқтатпағаны менің ашуыма тиді.

Сорақысы сол, біз әкімдіктегі шенділерге төсек-орын, бет сүртетін орамалдарды ауыстырыңыздар, ол кісі барлық жерде жүретін десек, «ақша жоқ» дейді.

Тіпті, әр баланы ата-ана өзі тексертіп, мантуды өзі салғызатын болды. Меңгеруші асханада тамақтанатын осының барлығында вирус болуы мүмкін», — деп ашынды ата-аналар.

Аталған жағымсыз жайтты қалалық білім басқармасы растап отыр.

«Меңгерушінің сәуір айында ғана толық тексеруден өткен анықтамасы бар. Қант диабетіне шалдығып, денсаулығы сыр беріп жүргеніне де біраз болды.

Организмі әлсіреген соң өкпе дертін жұқтырып алып отыр. Жөтелі қайтпай қойған соң, кеше рентгентге түсіп, өкпесінде қара дақтың барын анықтап, дереу бізге хабарласты.

Ол кісі бар өмірін балабақшаға арнаған үш баланың анасы. Біреуге қастандық жасамайды ғой. Кеше осы жайттан соң дереу ауруханаға жатқызылды. Ол кісіге де оңай болып жатқан жоқ.

Дәрігерлер балабақша қызметкерлерін толық тексеруден өткізді. Ал балалар қазір тексеріліп жатыр, алдағы уақытта да бақылауда болады. Ғимарат толық залалсыздандырылып, дәрігерлердің назарында» ,- деді Алматы қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева.

Бұл жайтқа қатысты Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Дастан Қайратұлы да «Қазақпаратқа» пікір білдіріп, әкімдіктің тиісті шаралар қолданатынын айта кетті.

«Әкімдік тарапынан тиісті шараларды қолға алатын боламыз. Балабақша меңгерушісінен туберкулездің ашық түрі анықталған. Біз бұл туралы алдыңғы күні кешке білдік.

Ал кеше кешке барлық ата-анамен жиналыс өткізіп, әңгімелестік. Барлығына бұл жайт туралы ескертіліп, бүгіннен бастап балалардың барлығы рентгеннен өтіп, тексерілетінін жеткіздік.

Ал қажет жағдайда, балаларға манту егілетінін де ескерттік. Ол өзі біле сала, бізге хабарлап, жұмыстан кету туралы арыз жазды. Сол күні. Оның туберкулездің қай түрімен ауыратыны алдыңғы күні ғана нақтыланып отыр», — деді Дастан Қайратұлы.

Ал аты жаман аурудан қорыққан кейбір ата-ана балаларын балабақшадан шығарып алатындарын айтуда.

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...