ҰБТ арқылы ұнатып қалған қызын тапқан жігіттің оқиғасы желіде қызу талқыға түсті. Бұл орайда қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бір топ ғашықтық хикаясына қызығып қараса, екіншілері тестілеу кезінде махаббат хикаясына орын жоқ деп сөкті. Ал экс-депутат Мұрат Әбенов кәмілеттік жасқа толмаған түлектің жеке мәліметтерінің таратылғанына наразы, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Әбенов өз ойын Facebook-тегі парақшасында жазды.

“ҚР білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері, балаларды жеке мәліметті құпия сақтау құқығынан айырмаңыздар. Ата-ана ретінде менің қызым жайлы ақпаратты бейтаныс азаматқа беруге қарсы болар едім.
Ол оқушы да біреудің қызы, әлі 18-ге де толмаған. Ол өзі жайлы ақпаратты таратуға келісім бермеген.
Онлайн трансляция жүргізген ұлттық тестілеу орталығы біреудің жеке мәліметін түсініксіз “астаналық азаматқа” беруге құқылы емес. Расымен де жақсы ниетпен болса мейлі, бірақ не үшін іздеп жатқаны да белгісіз ғой”, – деп шамданды ол.

Айта кетейік, күні кеше астаналық жігіттің ҰБТ арқылы ғашығын тапқаны жайлы ақпарат пайда болды. Бозбала елордадағы оқу орталықтарының бірінде Арай есімді қызды қатты ұнатып қалған. Алайда оның байланыс номерін білмеген. Сондықтан да ұлттық тестілеу орталығынан көмек сұрап, ғашығын онлайн трансляция арқылы тапқан.

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...