АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ КҮНДЕЛІГІНЕН:

22.09.87 ж.

Кино үйінен «Құлагер» фильмін көріп қайттым. «Қазақфильм» өнімі демесе, қазақ актерлерінің ойнап жүргені болмаса, фильмде қазақ болмысының нышаны да жоқ. Фильмді қоюшылар ойларына келген өтірікке малданған.
Не айтуға болады, жағаңды ұстар сұмдық өтіріктерді тізіп шығудың өзі ауыр.
1. Сағынайдың асынан басталатын оқиға қалың бейіт-қорымның ортасында өтеді. Ал қазақ дәстүрінде асқа мейлінше қолайлы, оты-суы мол, шымдауыт, шаңы шықпайтын жер таңдалатын болған.
2. Сағынайдың бәйбішесі күйеуінің қағазға жазып кеткен аманат-өсиетін Батырашқа оқып береді. Онда бір жігітті дарға асып, біраз адамды сабап, дарға асылған жігіттің жас баласын жат жұрттық етіп, тегін ұмыттыру тапсырылған. Бұл да көшпелілер тарихында болмаған сұмдық. Ас беру игі тілектің, аруақты сыйлаудың жоралғысы болған.
3. Ас беріліп жатқан жердегі бейіт пен киіз үйдің ортасына бір отар совет мериносын айдап келіп, оны өңшең жалақтаған жүгенсіз жігіттер қан сасытып соя бастайды. Мүлде қисынға келмейтін жабайы көрініс. Қазақ дәстүрінде асқа келген адамдарға сойылған малдың қанын көрсетпейтін болған.
4. Ас үстінде Батыраш тақтан түспейді. ХІХ ғасырда қазақ хандарының өзі тақтан айырылғанда, бар болғаны даланың сасық байы Батырашқа қайдан келген тақ. Ол аз дегендей-ақ, Батыраш қолынан қылышын тастамайды. Бұл қайдан шыққан рәсім?
5. Батыраштың қолында ноқталы қара құлдың басжібі отырады. Қара құл ит сияқты тақ түбінде жатып, тақалған адамға гүж етіп ұмтылады. Мұндай түпсіз өтірік қайдан алынған? Барша тарихи-этнографиялық деректерде көшпелі қоғамда құлдықтың болмағаны бірауыздан мойындалады.
6. Батыраштың алдында француз корольдарының жанында жүретін шут сияқты бір шайқымазақ жүреді. Ол білгенін істейді. Бұл да қазақ қоғамында болмаған әлеуметтік тип.
7. Бәйгеге шабатын балалар қолдарына бір-бір факел ұстап, оттарын лаулатқан қалпы ауылдан аттанады. Қазақ «от шығарма», «от шашпа», «от айналма», «жерошақ аттама» дейтіні отты киелі санағандықтан.Әлгіндей сұмдық көшпелілердің ұзына тарихында болмаған.
8. Ең өкініштісі, фильмде Ақан серінің тағдыры жоқ, Ақан серінің әні жоқ, биік өнері жоқ, нәзік сезімі жоқ.

Дереккөзі: Әсет Ақмолда

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...