Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді

Бүгін елімізде валюта айырбастау пунктері мен Қазақстан қор биржасында доллар бағамы шамамен 5 теңгеге көтерілді. Осыған байланысты Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов Үкімет кулуарында түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«2015 жылы тамыз айынан бастап теңге еркін айналымға жіберілді. Сондықтан теңге бағамына Ұлттық банк әсерін тигізе алмайды. Курсты ұсыныс пен сұраныс анықтайды», — деді Алпысбай Ахметов.

Журналистер доллардың KASE-де 5 теңгеге көтерілгенін айтқанда Ұлттық Банк төрағасының орынбасары «Бүгін KASE-де? Мен таңертеңнен бері осындамын, ондай ақпарат болмады» — деп жауап беріп, мұның теңгенің құнсыздануы емес екенін атап өтті.

«Бұл девальвация емес, тек валюта бағамының ауытқуы. Ұлттық банк интервенция істемейді. Егер де іргелі факторлар дұрыс болса, егер де сауда-саттық алып-сатарлық болмаса, сұраныс пен ұсыныс іргелі факторға байланысты болса, Ұлттық Банк интервенция істемейді. Бұл 2015 жылы тамыздан бастап шешілген мәселе», — деді Алпысбай Ахметов.

Айта кетсек, Қазақстан қор биржасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы бүгін 324,62 көрсетті. Осыған дейін 319-320 болатын.

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...