Ежелгі ғұн жұртында «тайлақ тарту» деген  анайы дәстүр болған. Яғни тырдай жалаңаш жас келіншек  майданға шығып, үстіне қалы кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің жібек бұйдасын  тісімен шешіп алып, жұрт алдынан тайлақты билетіп өтетін болған. Мұндай тағылық би  өте ерте замандарда ойын-сауық, қызық ретінде қалыптасқан.

Бұл ескі салттың  түркі елдерінде болғаны түрлі жазба деректерде, аңыздарда  кездеседі.  Мысалы, мың жылдық тарихы бар, барша түркінің маңдайына басқан атақты «Манас» жырында осындай салтқа сұлу әйел шықпай, кемпірлеу әйел шығып, түйені тісімен шешіп әкетеді. Осы ойынды қызықтап отырған Манас бұған қатты наразы болады. Мұндай анайы дәстүр қазақ даласында да бертінге дейін  болған деседі.  Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста «жалаңаш биге» шыққан әйел «үлкендердің көрген жері, кішілердің туған жері» — деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкетіпті. Арқада өткен асқа осындай биге қатысқан жалаңаш жас келіншек ұзын бұрымын тарқатып жібергенде бүкіл денесін жауып кетіп еті көрінбепті. Ол сол бойымен келіп, түйені жетектеп әкеткенде нар тіккен жақ «жалаңаш шықпады» деп дау шығарып, биге жүгініпті. Сонда әділ би «келіншек киімімен шыққан жоқ, шаш әйелдің құдай жаратқан мүшесінің бірі, оған дау жүрмейді» деп даугерді тоқтатыпты  делінеді.

Бұл ескі салт ХХ ғасырдың басында да болыпты.  Жазушы Шерхан  Мұртазаның «Қызыл жебе» романында  Мерке приставі  Сокольскийдің  Бектен мырзаның мырза келін түсіру тойында масқара ойын ұйымдастырғаны суреттеледі.  Сөйтіп,  орыстың шенді ұлықтары  қара халықты мазақ ету арқылы күлкіге қарқ болып, қызыққа батқысы келеді. Оны жергілікті жарамсақ бай-болыстар да қолдай кетеді. Жарлы әйел Тайтақайдың тыржалаңаш күйінде тісімен байлаулы түйені шешуге жанталасуы тоқ қауымды күлкіге кенелтіп, жарлыны күйзелтеді.  Осы масқара ойынды суреттеу арқылы  жазушы Шерхан Мұртаза  ұмыт болған тарихи шындықтың шаңын  бір сілкіп өтеді.

1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қарман Досай қажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткені хатқа түскен.

«Жалаңаш би» кей өңірде «тайлақ тарту» деп аталса, кей жерлерде бұл дәстүр  «түйе шешпек» деп те аталыпты. 1914 жылы Қаратау – Қазығұрт елінде аса қадірлі Сопбек датқа асында осы салтқа Айымбала деген жесір әйел қатысып, тайлақты тісімен шешіп алған екен.

Салттың бұл түрін белгілі этнограф-суретші Николай Хлудов «Мерекелік бәйге» деген картинасында өте анайы түрде бейнелеген.  Онда ол қалың жұрттың көзінше кеудесі салбыраған жас әйелдерді дамбалынан басқа жағын тұттай жалаңаш етіп көрсетеді.  Кезінде Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов осы Хлудовтың қазақ әйелдері тұрмысын бейнелеген картиналарын «Хлудов неден қателесті?» деген жазбасында өлтіре сынаған.  Қиялы жүйрік Хлудов жоғарыдағы салтты өз көзімен  көрмесе де, жұрттан естігенін өз бетінше жобалап сала салғаны  анық.  Бертінде суретші Қ.Отарбай «Тайлақ тарту» деген картинасында осы дәстүрді өзінше бедерлепті.

Қазақта  осы ескі дәстүрдің  болғаны  Тобықты  Өскенбай бидің асынан да белгілі. Сол үш жүз  ошақ қазылған айтулы аста ортаға  жалаңаш әйел шығып, қазыққа байланған кілем жабулы түйенің бұйдасын тісімен шешсе, түйе кілемімен соныкі деген сирек кездесетін ойын түрі ойналыпты. Бұл туралы академик Әлкей Марғұлан: «Өскенбайдың асында халыққа көрсетілген бір тансық нәрсе – ғұн дәуірінде ойнайтын «тайлақ тарту» сахнасы. Ескі дәуірден салт бойынша үстіне көркем кілем – асмалдық жапқан екі өркешті баладай әдемі қоныр інгенді топ ортасына әкеліп, кермеге байлап қояды. Дәстүр бойынша оны құлпыра шыққан жас келіншек не қыз жалаңаш шығып, тісімен байлауды шешіп, інгенді жұрт алдында ойнатып шығады. Ереже бойынша тайлақ інген сол жалаңаш шыққан әйелге тартылады…

Өскенбай бидің асына қатысқан Тоғалақ руының адамы Өтепберген дегеннің естелігінде астағы оқиға төмендегіше өрбиді. «…масаты кілем жапқан қайымалы інгенді ортаға әкеп шөгеріп, бұйдасын қазыққа байлады. Жаршы: – Ұрғашы жыныстыдан біреуі тыр жалаңаш шығып, бұйданы тісімен шешсе, түйе мен кілем соныкі, – деп хабарлады. Алғашында ешкім шыға қоймады.

Көптен соң жиыннан тағы бір әйелдің шешініп жатқаны байқалады. Сары кідір тартып қалған қатын екен, бүркеніш жамылып, түйе қасына кеп:

Ерлер, ерлер,

Ерлер туған жерлер.

Қараймын десең де өздерің біл.

Арыстың бұл асында

Бұл бәйгені алмақ дүр, – деп бүркенішті сыпырғанда, Құнекең әйелге шапан жапқызып жіберді. Бұйданы шешкізген жоқ. Кілем жабылған інген үстіне қосып, «шешіндірген айыбымыз» деп әйелге шапан берілді әйелге».

Осы оқиға  ұлы Абайдың замандасы, бір жағынан ұстазы да болған Байкөкше Балғынбайұлының  (1813 – 1892)  «Тобышақ торы» дастанына  да арқау болған.  Яғни Байкөкше ақын дастанына сюжетті Өскенбайдың асынан алады. Бірақ  естеліктегі сары кідір тартқан келіншектің орнына ақын Тойкенің  он сегіздегі Аққула деген қызын шығарады ортаға. Осы дастаннан  үзінді келтірейік:

Одан соң ортаға әкеп қазық қағып,

Қазыққа майлы күйе қойды жағып.

Бір түйе оған әкеп қойды байлап,

Кілем жауып, жібектен бұйда тағып.

Ер бәйге алды білектің күшіменен,

Тұлпар алды тұяқтың ұшыменен.

— Бұл бәйгені әйелдер алсын – деді –

Жалаңаш тістеп шешіп тісіменен….

Бұл хабар әйелдерге түгел жетті,

Намыстанып кейі ұрсып, кейі сөкті.

Тойке деген кедейдің жалғыз қызы

«Түйені мен алам» деп топқа кетті…

Майлы күйе жағылған қазыққа кілем жабылған түйе байланып, соны шешуге Тойке деген кедейдің он сегіздегі жалғыз (әдемілігіне қарап жұрт оны «Аққула»  деп атаған екен) қызы шығып топқа қарсы қарап:

Су тазартар мейлі бет күйесін,

Әйтеуір әкеме бір түйе болсын, – деп тәуекел етеді.

Аққула сол арада «Ерлер! – деді,–

Бәріңіз өніп шыққан жерлер» деді

Білместерің мазақ қып келеке етіп

Білгеніңнің маңдай тері терлер еді.

«Білсеңдер, дүниеге әйел ана!

Әйелсіз дүниеге келмес бала.

Алып – анадан дегендей, ат – биеден

Әйелден неше түрлі туған дана»

Не түсті көргеніңнен ана етін,

Масқаралап күйелеп ана бетін.

Мұны қызық көруші кім де болса

Ананың білмейді екен қасиетін.

Бір кезде бесік көрдім, бала болдым,

Ер жеттік бойжеткен қыз жаңа болдым,

Тәніме көзі түскен көпшіліктің

Мінекей, бәріңе де ана болдым, —

деп, арзан күлкі, жай қызық ермек үшін емес, тұрмыстың қиындығынан алқалы топ ортасына шығып, ер ұялтатындай ақылды сөз айтады.

Байкөкше ақынның  қыздың аузымен елде жоқ осы дәурені өткен ойын түрін қатты сынға алғаны көрініп тұр. Осы бір сирек кездесетін анайылау ойын түріне  қара қылды қақ жарған Құнанбайдың да ырза болмағаны жоғарыдағы естеліктен байқалады. Байкөкше шығармасында осы анайы көріністі сөз ете отырып, тағылымдық, тәрбиелік мақсаты көздейді. Оған дастанның соңында кедей болғанмен батыр жігіт Райханның  бәйгеден түскен олжаны қалыңмалға төлеп Аққуланы айттырып, жар етуін айтсақ та жетеді.

Қазақ даласына исламның дендеп енуімен ас пен тойдан ысырылып қалған осы бір анайы әдет  Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінде жас келіншектің жалаңаш күйде қазықта байлаулы түйенің бұйдасын шешіп әкету оқиғасын жалғанның жарығына қайта жарқ еткізді. Сол кезде көрермендер ішінен бұған наразы болғандар да жеткілікті болды. Ол енді түсінікті, кино болған соң  коммерциялық мақсатты да көздегені анық. Ал өмірде ше?.. Қалай десек те, тағылық түрде көңіл көтеру халқымызда бір заманда болған дәстүр  екен деп, өз арамыздан  оны мынау азған  заманда қайта жаңғыртқысы  келетін кекірігі азған есер топ шықпасын деп тілейік.

Төреғали ТӘШЕНОВ

«Қамшы» сілтейді

Бөлісу:


Загрузка...
Загрузка...